«ҚазТрансГаз» АҚ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ дербес портфельдік компаниясына айналды. Бүгін Үкіметтің қаулысы қабылданып, «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз» арасында «ҚазТрансГазды» «Самұрық-Қазына» қорының сенімді басқаруына беру туралы келісімге қол қойылды.

«Осылайша, «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы газды тасымалдап қана қоймай, сонымен бірге газ және газбен жабдықтау саласындағы толыққанды ұлттық операторға айналады», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында «Самұрық-Қазына» қорының Басқарушылар кеңесінің отырысында Кеңес Төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазТрансГазды» «ҚазМұнайГаздан» «Самұрық-Қазына» қорына тікелей бағындыру міндетін қойған болатын.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газды барлау, өндіру және тасымалдау жөніндегі ұлттық оператор құруды тапсырды.

«ҚазТрансГаз» АҚ табиғи газды магистральдық газ құбырлары бойынша тасымалдауды басқарады, ішкі және сыртқы нарыққа газ өндірумен, сатумен айналысады, құбыр жолдары мен газ сақтау қоймаларын әзірлейді, қаржыландырады, салады және пайдаланады.

«ҚазТрансГаз» АҚ Баспасөз-қызметі

тел: +7(7172) 55 23 16